Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына арнайы  келді. Өңірдің бүкіл аймағын  аралап, қарашаның  тыныс-тіршілігін саралаған әкім халықпен кездесуін Темірланда  түйіндеді.  Ауданға жыл басынан бері 26 млрд. 251 млн. теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен  жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда  66,8%-ға артқан. Дархан Амангелдіұлы алдымен Бадам ауылдық округіндегі «Стандарт ресурсис» ЖШС-ның жұмысымен танысты.


Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында іске қосылған зауыт көмір-химия өңдеумен айналысады. Инвестициялық құны – 1 млрд. 500 млн.теңге. Құрылысы 2020 жылы аяқталған өндіріс орны  жұмысының І кезеңін 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында бастаса, ІІ кезеңін үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында іске қосқан. Қуаттылығы – 30 000 тонна. 200 адам жұмыспен қамтылған.
Облыс әкімі сондай-ақ «Бадам» индустриялды аймағындағы полиэтилен бұйымдарын қайта өңдеумен, синтепон талшығын өндірумен айналысатын «Green Technology Industries» ЖШС—да болды. 2016 жылы негізі қаланған зауыттың инвестициялық құны-                  6 млрд.800 млн.теңге. Өндіріс қуаттылығы жылына - 15 000 тонна.               Екі кезеңмен іске қосылған зауытта қазіргі таңда 250 адам жұмыспен қамтылған. Жобаның бірінші кезеңі 2018 жылдың ІІІ-тоқсанында «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске қосылған. Қазіргі таңда полиэтилен қалдықтарынан шығарылатын флекс өнімі Ресейге экспортталуда.  
Осы сапарында облыс әкімі Ордабасы аудандары тұрғындарымен кездесіп, сұрақтары мен өтініштерін тыңдады. Жеке қабылдауда да тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, заң аясында жауап берді.
Ордабасы ауданында «Бірыңғай индустрияландыру картасы» аясында 2022-2025 жылдары жалпы инвестициялық құны 105,7 млрд. теңге болатын және барлығы 1060 жаңа жұмыс орнын құратын 6 жобаны іске асыру жоспарланған болса, ағымдағы жылы 3 жоба іске қосылды. Ал, «Бадам» индустриалдық аймағында жалпы құны 21 млрд. 234 млн. теңгені құрайтын 6 жоба, 310 жұмыс орнымен орналасқан.Өнеркәсіп саласында 9 айда  21 млрд. 190 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 804 млн. теңгеге, артқан.