Түркістандағы «Фараб» кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына арналған «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев және оның дәуірі» танымдық конференциясы өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлері, ел ағалары мен жастар қатысты.
Бұл күні қонақтар «Алты алаштың Алатауы» атты кітап көрмесін және «Оңтүстікфильм» мекемесінің деректі фильмін тамашалады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көрнекті мемлекет қайраткері туралы ой қозғап, конферецния жұмысына сәттілік тіледі.
Конференцияны еңбек ардагері Исмат Тұрсынқұлов жүргізіп отырды. Жиында қоғам қайраткерінің мемлекетті дамыту жолында атқарған істері, азаматтық болмысы кеңінен сөз болды. Белгілі журналист, «Қонаевтанушы» Ораз Қауғабаев «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың он екі қасиеті және Қонаевты ұлықтаудың жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Тұлғаның адалдығы, қолы мен ары таза болғанына тоқталып, қайраткердің туған күні және өмірден өткен күніне орай еске алу және танымдық іс-шаралар өткізуді ұсынды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, экономика ғылымдарының докторы, академик Оразалы Сәбден Дінмұхамед Ахметұлының инженерлер мен ғалымдар, жұмысшылар легін даярлап шығудағы ерен еңбегін атап өтті. Көшбасшы атында мемлекеттік сыйлық тағайындалса деген ұсынысын жеткізді. Ал Д.А.Қонаевтың кеңесшісі болған, генарал-лейтенант Аманкелді Шабдарбаев Димаш атаның қазақ қаламгерлеріне, руханиятына, жастарына қорған болғаны туралы тың деректерді тілге тиек етсе, өзге де еңбек ардагерлері мен қатысушылар естеліктер айтты. Елге көшбасшы болған азаматтың ел есінде мәңгі сақталатынына сенім білдірді.
Жиында Халықаралық Д.Қонаев қоғамдық қорының президенті Эльдар Қонаев бірнеше азаматқа Д.Қонаевтың 110 жылдығына арналған орденді тапсырды. Түркістан төріндегі келелі мәжілісте айтылған түрлі ұсыныстар мен көтерілген бастамалар конференцияның хаттамасына енгізілді.