Ресейдегі жылыжай саласындағы көшбасы компания «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі Түркістан облысында 500 гектардан асатын жылыжай кешендерін салады. Биыл құрылысы басталатын жылыжайда 51 га гектар жерге қызанақ егіледі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесіп, маңызды жобаны талқылады. Ауқымды құрылыс жұмыстары жоспар бойынша наурыз айында басталып, бір жылдан соң іске қосылады.


Жоба аясында инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Келес ауданында жұзеге асатын инвестициялық жоба 1 мыңға жуық адам жұмыс орнын құруды көздейді. Сонымен қатар инвесторлар агросала мамандарын дайындайтын ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандарды дайындауды қолға алмақ.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, инвестициялық субсидиялар және жобаны қаржыландыруға қатысты мәселелерді мұқият пысықтауға келісті. Заманауи жылыжай кешендері өсіп жатқан дақылдардың толық циклін бақылай алады. Жылыту жүйесі мен салқындатуды, жарық режимін, тамшылатып суаруды, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін басқаратын заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен жабдықталатын болады.