Шалыс басып, жаза арқалағандарға кәсіпкерлер тарапынан көмек көрсетілді. Абай ауданы бойынша пробация қызметінде есепте тұрған әлеуметтік жағынан аз қамтылған 20 отбасыға азық-түлік себеттері таратылып, өтініш айта келгендердің үйіне көмір жеткізіліп берілді.
Қалдыгүл әжейдің ортаншы ұлының пробация қызметіне есепке алынғанына 6 айға жуықтапты. Осы аралықта, жазасын өтеушінің отбасына жан-жақты қолдау көрсетіліп, кәсіпкерлердің тарапынан көмек беріліп келеді. Баласының түзу жолға түсуіне жөн сілтеген жандарға бүгін ана жүрек алғысын жаудырды.
Абай ауданы бойынша пробация қызметінде есепте тұрған әлеуметтік жағынан аз қамтылған 20 отбасыға азық -түлік себеттерін таратқан «Идирис Сервис» ЖШС өтініш айта келгендердің үйіне отын, көмір жеткізіліп берді.
Өмірде шалыс басқан жандарды қоғамнан алшақтатпай, қайта оларға қолдау білдіріп келе жатқан пробация қызметі психологиялық, жұмыспен қамту, құжаттандыру жағынан көмек көрсетеді. Осы орайда, жыл басынан бері Абай ауданы бойынша 20 жазасын өтеуші жұмысқа орналасыпты.
Абай ауданы бойынша 460 адам қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түрлерімен сотты болған. Осы орайда, есепте тұрған азаматтарға профилактикалық тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Мұндағы мақсат, істі болғандарды дұрыс жолға қарай бағыттау.