Түркістан облысындағы су қоймалары еріген суды қабылдауға дайын. Дегенмен төтенше жағдайдың алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралды. Облыс басшысы маңызды мәселеге қатысты нақты тапсырмалар берді.


Көктемгі су тасқынына дайындық туралы баяндаған Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жунусов алдын алу шаралары арнайы бекітілген жоспарларға сәйкес жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Су қоймалары мен өзендерге күнделікті мониторинг жүргізілуде, деген ол қазіргі таңда су қоймалардың толуы орта есеппен 30-35 пайызды құрап отырғандығын, өзендердегі су көлемі орта деңгейден төмен ағуда екенін айтты. 2022 жылы алдын алуға жалпы 462 млн. теңге бөлініп, тасқынға қарсы инженерлік жұмыстар атқарылған. Осы орайда, 1218 шақырымды құрайтын 680 арықтар мен каналдар қоқыстан тазартылып, 1 мың шақырымға жуық қашыртқы арналар механикалық тазартудан өткізілген. Қажетті инертті материалдар мен қаптар қоры дайын.
Түркістан облысында 41 су қоймасы мен 12 су тоғаны орналасқан. Басым бөлігі 1932 мен 1970 жылдары аралығында салынған.  Осы орайда, Бөген, Қапшағай, Қосқорған, Майдантал, Ырмақ-өзен, Рабат, Ащы, Қошқар ата (Абай) су қоймалары мен Қараспан су тоғанының тозығы жеткен.
Төтенше жағдайға ден қоюға жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жалпы 2065 жеке құрам, 424 бірлік техника, 5 қайық, 116 мотопомпа дайындыққа келтірілген. Сырдария өзеніндегі қалыптасқан жағдай ерекше бақылауға алынғанын айтқан Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов жергілікті әкімдіктермен бірлесіп қауіпті жерлерге кезекшілік ұйымдастырылуда, дейді. Су режимі мен мұздың жағдайына бақылау жүргізілуде екен. Төтенше жағдай туындау мүмкін жағдайындағы іс-әрекеттер пысықталып, дайындыққа келтірілген.  Осы орайда, облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты орынбасары мен барлық аудан, қала әкімдеріне құзырлы мекемелермен бірлесіп, аумағындағы қауіпті учаскелер мен гидротехникалық құрылыстары зерделеп, қажетті шаралардың қабылдануын тапсырды.
Апталық аппарат отырысында аймақ басшысы тасқынға қарсы инертті материалдарды және күш пен құралдарды әзірлікке келтіруді және жағдай күрделенген кезде жедел жұмылдыруды ұйымдастырылуын, төтенше жағдай кезіндегі эвакуациялық іс-шараларды пысықтауын, су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарларын толыққанды сапалы орындалуын міндеттеді. Сонымен қатар, су тасқыны кезеңіне күштер мен құралдардың толық дайын болуын тапсырды.