Еліміздің 13 өңірінде су тасқыны қаупі өте жоғары. Оның арасында Түркістан облысы да бар. Себебі биыл оңтүстік өңірдің барлық ауданында қар қалың жауып, жердің ылғалдылығы тереңдеген. 


Үкімет отырысында атқарушы органдардың су тасқыны кезеңіне дайындығы қаралды. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, елді мекендерді су тасқынынан қорғауға ерекше назар аударылған. Ведомство басшысы көктемгі су тасқыны қаупі бар аймақтарды да атады.
Юрий Ильин - Төтенше жағдайлар министрі Барлығы білетіндей, бұл табиғи процесс қайтымсыз және үнемі алдын алу шараларын қажет етеді. Қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, оның қату тереңдігін талдай отырып, сонымен қатар қар астында мұз қабығының болуын ескеріп, су тасқыны қаупі бар аймақтар тәуекел дәрежесіне қарай бөлінеді. Тәуекелдері жоғары өңірлерге Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай, Түркістан және Жетісу облыстары жатады. Ал орташа тәуекелдерге Павлодар және Ұлытау облыстары кіреді.
Елдің бас құтқарушысы Юрий Ильин  былтыр болған су басу оқиғаларының негізгі себептері өзен арналарының толып кетуі мен балдырлануы, дренаждық-арық жүйелерінің болмауы, су қорғау белдеулерінде үйлер салу екенін айтты. Жауапты министрліктің мәліметінше, бүгінде елімізде 255 елді мекенді су басу қаупі бар. Ол  жерлерде 700 мыңнан астам халық тұрады.