Шымкентте жылыжайдағы өнімдер үсіп кетті. Қалың жауған қардың салдарынан кейбір жылыжай қирап та қалған. Енді шаруалар шығынға баттық деп отыр. Бағбандардың  сөзінше мұндай шығынға қатты аяз ғана емес, сапасыз көмір мен оның тапшылығы да әсер еткен. Ал, әкімдік өкілдері болса табиғаттың  тосын мінезінен зардап шеккендерге көмек көрсетіледі дейді.


Өнімді аяз шалып, үсік ұру жайтына Шымкенттік шаруалар алғаш тап болған. Жылы жай қауымдастығының өкілдері мұндай жағдайдың орын алу себебін көмірдің тапшылығынан және сапасыздығынан деп түсіндірді.
Шығынға баттық деп шырылдаған жылы жай егелеріне жергілікті әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі. Бүгінде зардап шеккен шаруалаларға 2,5 пайызбен несие берілмек. Сонымен қатар кредиті барлардың қарызын төлеу мерзімі бір жылға шегеріледі.
Түркістан облысы мен Шымкент қаласын қоса алғанда 1600 гектарға жуық жылы жай бар. Оның 75 пайызға жуығы көмірмен жылиды. Қалалық ауылшаруашылық және ветеринария басқармасының басшысы Шымкентте бір жылыжай құлағанын айтады.
Айта өтейік бүгінде үшінші мегаполисте 204 гектар жылыжай бар. Шымкенттік  шаруалары оның 74 гектарын игеріп отыр.