Түркістан қаласының тұрғындары былтыр мәселесін айтып, әкімдікке 220 өтініш қалдырған. Оның 215-і дер кезінде шешімін тапқан. Ал қалған 5 проблема бойынша жұмыс жүргізіліп, күн тәртібінде тұр. Биыл да бұл үрдіс жалғамсын таппақ. Түркістан  қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков кеше бекітілген кестеге сәйкес «Сауран» және «Яссы» секторының тұрғындарымен кездесті.  Қала басшысы кездесуде халықпен ашық форматта әңгіме өрбітіп, жиылған көпшіліктің көкейтесті сауалдарына жауап берді.


Қала әкімі халықпен жүздесуде аталған секторлар бойынша былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, ашық форматтағы сұрақ-жауапқа көшті. Бұқара мен билік арасындағы жақындықты халықтың бүкпесіз, ашық қойылған сауалдарынан байқауға болады. Айтылған талап-тілек пен өтініш, ұсыныстардың басым бөлігі сапалы жол мен көшені жарықтандыру, ескірген электр бағаналарын ауыстыру мен бүлдіршіндерге спорт алаңшаларын салу болды.
Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға қала әкімі жауап беріп, нақты атқарылар мерзіміне тоқталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша секторда 1,38 шақырым болатын 3 көшеге орташа жөндеу жасалған, 41 көшеге тас төселген. 36 шақырымдық 31 көшеге жарықшамдар орнатылып, 9 трансформатор күрделі жөндеуден өтті. Ойын алаңшаларының саны 2023 жылы тағы да артпақ.
Кездесу соңында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәселесін жеке айтамын деген тұрғындар үшін жеке қабылдау ұйымдастырды. Халықтың өтініштері мен арыз-талаптарын қанағаттандыру үшін тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, өзекті мәселені шешу жолдары ұсынылды.