Жағымды жаңалық! Шымкентте 2021 жылы құрылысы басталған үстел теннисі орталығы ашылды. Бұл ғимарат қала тұрғындары мен кәсіби түрде дәл осы спорт түрімен айналысатындар үшін таптырмас мекен. Себебі бұған дейін қаламызда мұндай арнайы спорт кешені болмаған еді. Салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысты.


Спорт кешенінің лентсын шаһар басшысы Мұрат Әйтенов пен кәсіпкер Серікжан Сейтжанов қиды. Қала әкімі жиналған көпшілікті құттықтап, спортшыларға жарқын жеңіс тіледі. Қала мэрі жерлесіміз, жасөспірімдер арасында Халықаралық турнир жеңімпазы, Орта Азия чемпионы Сарвиназ Миркадировпен алғашқы ойынды бастап берді.
Үстел теннисі орталығының құрылысы 2021 жылы басталып, 2022 жылдың қазан айында аяқталған. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 200 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «Отау Строй» компаниясы өз қаражаты есебінен жүргізді.
Орталықтың ашылу салтанатына орай ұйымдастырылған «Шымкент кап» республикалық ашық турнирі 26-29 қаңтар аралығында өтеді. Оған еліміздің 13 өңірі мен Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан жалпы саны 230 спортшы бақ сынайды. Жарыстың жалпы жүлде қоры 5 миллион 700 мың теңге.
Үстел теннисімен кәсіби түрде айналысып, ел намыс Әлем чемпионатында қорғаған Тоймұрат Елшиевтің айтуынша, дәл осы спортты бұқара арасында кеңінен нгасихаттау керек. Себебі үстел теннисі адамдардың интеллектуальды дамуына мол әсері етеді.
Орталыққа кәсіби спортшылардан бөлек, үстел теннисін ойнауды ұнататын кез-келген қала тұрғыны мен қонағы бара алады. Олар үшін арнайы уақыт бөлініп, қолжетімді баға қарастырылған.
Үшінші мегополисте бой көтерген орталық қалалық үстел теннисі федерациясына қарайды. Ол Қазиев көшесі 2, дроп 5 мекен-жайында орналасқан. Жалпы аумағы 2 мың шаршы метр жерді алып жатыр.