Полицейлер екі тәулікте 700-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Бұл "Борышкер" жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесі. Ал, Жетісай аудандық құқық қорғаушылар дәнекерлеуге қажетті 1000-ға тарта электрод ұрлаған екеуді ұстады.


Түркістан облысы Полиция департаментінің нұсқауына сәйкес облыс көлемінде 24-28 қаңтар аралығында "Борышкер" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шара барысында Түркістан қаласының әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері сот орындаушыларымен бірлесіп жұмыс атқаруда. Бұл мобильді топ борышкерлердің автокөліктерін тоқтатып, төленбеген әкімшілік айыппұлдарының бар-жоғын тексеруде. Сондай-ақ тәртіп сақшылары жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын атқаруда. «Борышкер» іс-шарасы кезінде Түркістан қаласында полицейлер 22 автокөлікті тоқтатып, айыптұраққа жеткізді. Оның ішінде 8-і айыппұлын төлемеген борышкерлердің көлігі. Учаскелік полиция инспекторлары тұрғылықты жері бойынша берешектерін төлеу қажеттілігі туралы 129 ұйғарым жіберді. Сонымен қатар түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 718 әкімшілік хаттама жасалып, 5 миллион теңгеге жуық айыппұл өндірілді.  
ДӘНЕКЕРЛЕУГЕ ҚАЖЕТТІ 1000-ҒА ТАРТА ЭЛЕКТРОД ҰРЛАҒАН ЕКЕУ ҰСТАЛДЫ
Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, өндірістік үй-жайындағы қоймасына ұры түскенін жеткізді. Яғни белгісіз біреулер жәбірленушіге тиесілі контейнердің құлпын бұзу арқылы, онда тұрған «Kobelco LB-52» маркалы әрқайсысының ішінде шамамен 100 данадан электроды бар 9 қорабын, 1 дана «Alteco» маркалы болгаркасын ұрлап кеткені көрсетілген. Келтірілген шығын көлемі 400 мыңды құрайды.  Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Жедел уәкілдер бірнеше күн қатарынан жан-жақты іздестіру шараларын жүргізді. Көрген-білгендерден жауап алып, жақын аумақтарды қарап шықты. Нәтижесінде күдікті ретінде жетісайлық 2 жас жігіт анықталды, олардың бірі бұрын осы мекемеде жұмыс жасаған. Сезіктілер оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полицияға жеткізілді. Белгілі болғандай, күдікті екеу оңай жолмен пайда табуды көздеген. Содан қарауылдың тамақтануға кеткен сәтін пайдаланып, ұрлыққа түскен. Бөтеннің мүлкін жасырып, сатып жібермекші болған. Алайда ойларын іске асыра алмай, дер кезінде ұсталды. Қазіргі таңда іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.