Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шымкентке жасаған сапарында қаладағы  өндіріс орындарын арнайы аралады. Солардың бірі – «Авангард» зауыты. Мегаполистің дамуына үлес қосатын ірі өндіріс ошағының тынысымен танысты.   

Алғы сөз алған Әлихан Смайылов ірі өндіріс ошақтары әр аймақтың даму драйверіне айналып жатқандығын әңгімеге арқау етті. Өткен  жылдың өзінде елімізде 150 жаңа индустриалды жобалар жүзеге асқан. Инновациялық тың жобаларға мемлекеттің ықыласы ерекше.
Бұл өндіріс орны Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. 2022 жылдың соңында ашылған зауыт аумағы 7 500 шаршы метрді құрайды. Мұнда тақтай шыныдан түрлі әйнек бұйымдары шығарылып, өңделеді.
Жобаның жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайды. Инвестицияның 2,4 млрд теңгесін кәсіпкердің өзі құйса, қалған 3,4 млрд теңге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан бөлінген.
Қазіргі таңда мұнда 50 жұмыс орны ашылып, мамандар жұмыс істеуде. Зауыт толық қуаттылығында жұмыс істесе 260 тай адам жұмыспен қамтылады. Жұмысшылардың өзі   180 мың теңге айлық алады.