Шымкенттік ержүрек қыздар қорғаныс министрлігінің көзіне түсіпті. Оқиға былтыр «Айбын-2022» VIII әскери-патриоттық жарысында Қарағанды облысында болған. Бір-біріне жанашырлық танытып қана қоймай, жарыстан жүлделі 1-орын алған командаға министр велосипед сыйға тартқан екен. Мұндай тың әрі қызық мәлімет «Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар» атты кездесу кезінде айтылды.


2022 жылдан бастап «Айбынды жастар – Жаңа Қазақстанның тірегі» атты патриоттық акция өңірлерде өтіп жатыр. Шараның басты мақсаты – жастарды отансүйгіштікке баулып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қарулы күштер саласында болып жатқан өзгерістерді баяндап, ақпаратты бөлісу болып отыр. Жиын барысында мамандар әскери қызметкердің әлеуметтік жағдайы мен қызмет барысы туралы сұрақтарға да жауап береді. Ақпараттық түсіндіру тобы құрамында түрлі саладағы қызметкер жиналған.    
Жастармен кездесу кезінде өнегелі оқиғалар сөз болды. Қорғаныс саласының ардагері, отставкадағы полковник Серікбай Орынбаев Шымкент командасының Қарағанды облысында көрсеткен ерлігін баяндап берді. Командада жүгіріп келе жатып, құлап, тобығын тайдырып, саусағын сындырып алған қыз баланы достары өздерімен бірге көтеріп, сүйреп финишқа жеткізген екен. Ұйымшылдық пен жанашырлықты, ерлікті көрген Қорғаныс министрі балалардың поездға алған билеттерін авиаға алмастырып, ұшақпен Шымкентке аттандырыпты.
Қазір әскери қызметшілердің мәртебесі өскен. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, жастар арасында да өз еркімен әскери қызметке барғысы келетіндер көбейіпті. Айта кетейік, бұл патриоттық акция бұған дейін Түркістан облысының бірнеше аудан, қалаларында өткізілген.