Отырарлық орманшылар биылғы көктемде 3 миллион түп сексеуіл көшеттепті.Қорықшылар бес жылда қызылдың құмына 41 миллон түп жасыл желек отырғызбақ.Оның барлығын жергілікті тұқымбақта өздері өсірген көшеттер.Нәтижесінде Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты 1 миллион гектар алқаптың орманмен көмкерілген жер көлемі 700 мың гектарға жетпек.Табиғат жанашырлары осылайша Президент жолдауында айтылған жасыл желек аумағын арттыру мақсатында құмды көшкіннен сақтап қалатын сексеуілді сеппе және екпе жұмыстарын қарқынды жүргізіп келеді.


Отырарлық қорықшылар көктемнің әрбір күнін тиімді пайдаланып қалу мақсатында тынымсыз еңбек етіп жатыр.Тұқымбақтан жиналған сексеуіл көшеттерін тездетіп отырғызу керек. Өйткені жауын-шашыны мол айда егілген көшет ылғалмен тез өседі,дейді мамандар. Биыл көктемде жалпы 1600 гектар жерге 3 миллион түп сексеуіл егілмек.Оның барлығы жергілікті тұқымбақта өздері өсірген көшеттер екен.Мекемеге қарасты Балтакөл, Байырқұм, Шәуілдір және Қаратау орманшылығында қазір жасыл желектерді көшеттеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Президент жолдауында айтылған жасыл желек аумағын арттыру мақсатында мекемеде кешенді жоспар түзілген.Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі бойынша 2021-2025 жылдарға аралығында Орманды ұлғайту мен өсіру мақсатында 6910 гектар алқапқа көшет отырғызу, 26150 гектарға сексеуіл тұқымын себу шаралары атқарылатын болады. Мекемеге қарасты 1 миллион гектардан астам жердің 700 мыңға жуығы орманды алқапты құрайды.2021 жылы 3910 гектарға сесеуіл тұқымын себіліп 600 мыңға жуық көшет егілген.Былтыр көктемге мың гектарға 1 миллион 700 мыңнан астам сексеуіл  көшеті егілсе, қара күзде тағы 4700 гектар жерге сеппе жұмыстары жүргізіліпті. Сексеуіл тұқымын себу және көшет егу бойынша 5 жылға межелеген  33 мың гектардың тең жарымы  орындалып қойыпты.
Табиғат қорғаушыларының айтуынша қызылқұм өңірінде ақ және қара сексеуіл тұқымы өседі екен.Өскіндер ысылдаған құмды көштен сақтап қана қоймай, аң-құстың паналап өсіп жетілуі мен жер құнарын да арттыратын көрінеді. Шөл даланың шырайын кіргізіп тұрған сексеуілдің бұдан басқа да қырлары көп, дейді орманшылар. Отырарлық қорықшылар мекеменің тұқымбағында өсірілген басқа да жасыл желек көшеттерін Түркістан қаласын абаттандыруға да  жіберіп жатыр екен...