Түркістан қаласында Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесіне орай, «Спорт - денсаулық кепілі» ұранымен бұқаралық жүгіру марафоны өтті. Бұл іс-шараны Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы және Түркістан қаласының әкімдігі ұйымдастырды.
Биыл алғаш рет Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен Наурыз мерекесін өңірімізде он күн бойы ұлттық нақышта тойлау тапсырылған болатын. Сол іс-шараның жалғасы бұқаралық жүгіруден марафон өтті. Облысымыздан 500-ге жуық қатысушы жарыс жолына шығып, бұқаралық спортты қолдайтындықтарын көрсетті.
Мерекелік жиынның екінші күнінде өткен бұл марафонға спорт саласының мамандары мен жастар, қала тұрғындары мен кішкентай балалар да қатысты. Көктем мерекесінде тамаша көңіл күйге бөленген жерлестеріміз спортта да жүйрік екендіктерін көрсетіп, достастық пен бірліктерін арттырды. 66 жастағы түркістандық ардагер спортшы Марат Божбанбаев мұндай спорттық шаралар адам ағзасына өте пайдалы екенін тілге тиек етті.
Айта өтерлігі, аса тартысты өткен бұл марафонда ұлдар арасында 35 жасқа дейінгі жастар арасында бас жүлдені Ардашер Захадинов иеленсе, күміс алқа Ақниет Абдурасилұлына тиесілі болды. Ал, қола жүлде Ердаулет Абеновке бұйырды. Сондай-ақ, 35 жастан жоғары ерлер арасында топ жарған Еркін Жадырисов алтын алқаны мойнына ілді. Қыздар арасында 35 жасқа дейінгі қатысушылар арасында Гулнәр Искаковаоза шапты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Муслимова құттықтап, арнайы тағайындалған медальдар және грамоталар табыстады. Түркістан жұртшылығының арасында жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл жиын ертең ұлттық спорт түрлері ойындарымен жалғасатын болады. Осылайша, халқымыз тіршіліктің нәрі басталатын Наурыз айын жаңғырта түспек.