Қымбат кроссовер, 40 миллион теңге тұратын сөмке, 4 бөлмелі пәтер. Қазіргі бойжеткендер мәһрді пайдаланып, осындай бұйымдар сұрайтын болыпты. Сөзімізге әлеуметтік желіні жайлап кеткен неке қию рәсіміндегі бейнелер дәлел бола алады. Неке сыйының қымбаттауы – заман талабы ма?


Әлеуметтік желіде тренд көп, сәт сайын шығып жатыр. Бірақ, соңғы кездері елдің ерекше назарын аударған тақырыптың бірі – мәһр, яғни, ислам дініндегі неке қию рәсімінде қалыңдықтың күйеу жігіттен сұрап алатын сыйы. Бәрі заңды-ақ, дегенмен, көптің көңілін күпті еткені,  тіпті кей азаматтардың намысына тиіп жатқаны – жігіттің шама-шарқы, материалдық жағдайы жетпейтін дүниелерді сұрау болып отыр.
Интернетте  тараған бір бейнежазбада қалыңдық қымбат сөмке сұрады. Мұнысын болашақ жары күтпесе керек, абдырап барып «иә» деді. Анықтап көрсек, мұндай сөмкенің бағасы 40 миллион теңге тұрады екен. Енді бір видеода  бойжеткен «Toyota Land Cruiser 300» маркалы автокөлік сұраған. Ал, мұндай темір тұлпардың бағасы қанша тұратынын өздеріңіз бағамдап көріңіздер.
Мәһрдің мәнісін қашырған жастар өмірлік жолдастарынан кітап сұрайтынды да шығарыпты. Білімнен артық сый жоқ деп сөзін жалғаған қыздар материалдық байлыққа мүлде қарамаймыз дегенімен, бұл сый асыраушыдан айырылған әйелге, балаларына азық бола алатындай дүние болуға тиіс. Имамдар осылай дейді.
Қорыта айтқанда, мәһрді әркім өз қалағанынша сұрауға құқылы. Алайда сыйлық көлемі мен бағасы ақылға қонымды, отағасының шама шарқы жететіндей  болғаны абзал.