Шардара ауданында футболдан жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионаты басталды. Аяқ доп шеберлерінің сайысына облыстың аудан, қалаларынан 10 команда, 200-ден астам футболшылар қатысып, өзара мықтыларын анықтайтын болады.


Өңірімізде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, балалар футболын дамытуда бірқатар игілікті жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда шағалалы Шардара ауданында 2007 жылы туылған жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты басталды. Бүгінде Шардара ауданында спорттың барлық түрі қарқынды дамып, облысымызда үздік аудандардың біріне айналған. Талантты  жасөспірімдер арасында басталған бұл жарыс алғашқы күннен бастап-ақ тартысты басталды. Ал, облыстық футбол мектебінің директоры Дәулетияр Әлиев бұл жарыс талай талантты жасөспірімдердің тұсауын кесетінін жеткізді.
Ерман Кеңесбек – жас футболшы. Жасыл алаңға шыққан әрбір жас ойыншының болашаққа деген армандары да асқақ. Кентау қаласынан осы жарысқа командаластарымен келген жас футболшы Ерман Кеңесбек футбол додасына бапкерлерімен бірге тыңғылықты дайындалып, тек жеңіс үшін келгенін  жеткізді.
Айта өтерлігі, бұл футбол додасының жоғары дәрежеде өтуіне Шардара ауданының №3 футбол мектебі мұрындық болуда. Енді аяқ доп шеберлері апта бойына жеңімпаздар мен үздік футболшыларды анықтайтын болады. Оларға кубогтар мен грамоталар табысталады.