Биыл Шымкентте апатты деп танылған 6 үйдің орнына жаңасы салынады. Бүгінде инвесторлар тұрғындарға жобаларын таныстырып, келісімдерін алуда. Кезекті кездесу барысына куә болған БАҚ өкілдері тозығы жеткен үйлердің тұрғындарымен кездесіп қайтты.


Бұл Елшібек батыр көшесі бойындағы апатты деп танылған қос үй. Салынғанына 50 жылға жуықтаған ағаш үйлердің шатырынан су өтіп, қабырғасы қақырай бастағанына біраз уақыт болған. Кәріз жүйесінде де кемшілік көп. Жағдайларын айтып талай табылдырықты тоздырған тұрғындар, биылдан қалмай жаңа үйге қоныстанатындарына қуанышты.
Шымкент әлеуметтік корпорациясы арқылы тартылған инвестор бұл жерге 9 қабатты 2 үй салуды жоспарлап отыр екен. Құжаттарының толықтай дайын екенін алға тартқан олар, құрылысқа қосымша жер сұратып жатқандарын жеткізді.
Реновация бағдарламасына енгізілген тұрғын үйлердегі тұрғын үй-жайлардың меншік иелеріне ауданы бойынша бірдей, бірақ бір бөлмелі пәтерден кем емес мөлшерде жаңа пәтерлер беру қарастырылған. Келіспеген жағдайда, ақшалай немесе заттай нысанда тең бағалы өтемақы алуға құқылы. Бұл ретте тең бағалы өтемақы мөлшері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес анықталады. Айта кетейік, құрылыс жұмыстары толықтай аяқталғанша тұрғандар инвестордың тарапынан уақытша баспанамен қамтылады.