Арғынбеков пен Бәйдібек би даңғылы қиылысындағы жолайрық құрылысы жыл соңына дейін жалғасады. Қазіргі таңда 200 ге жуық жұмысшы екі ауысыммен жұмысты қыздырып жатыр. Жауаптылар мамыр айында жолдың Арғынбеков бөлігі қолданысқа беріліп, автокөліктердің жүруіне рұқсат етіледі деп жоспарлапты.


Мега жобаның құрылысы 2022 жылдың қаңтар айында басталған еді. Қазіргі таңда жұмыстардың басым бөлігі аяқталып қалған. Оған мердігер мекеме жұмысшыларының екі ауысыммен жұмыс істеуі себеп.
Үш деңгейлі жолайрықтағы көпір өткелдерінің темірбетонды конструкциясы 95 пайызға орындалған.  Қазіргі таңда бірінші және төртінші өткелдерде автокөліктер кедергісіз жүріп тұр.  Жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес құрылыс аумағы Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр болса, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метрде жұмыстар жүріп жатыр.
Айта өтейік, жолайрық құрылысының жұмысына бастапқыда 11 миллиард теңге қаражат жұмсалады делінген. Алайда жобаның бүгінгі құны 13 миллиард теңгеге жетіп тұр.