«Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен «Сайлау-2023» онлайн марафоныжүріп жатыр. Ауқымды шара телеарналар мен ақпарат агенттіктерінің сайттарында, Facebook және You Tube желісіндегі ресми парақшаларында 16 сағат бойы үздіксіз көрсетіледі. Қазмедиа орталығының киноконцерт залында өтетін марафонға келем деушілерге есік ашық.


Марафонға ақпарат құралдарының өкілдері, депутаттар, саясаттанушылар, министрлер, түрлі сала қызметкерлері, қоғам белсенділері мен өнер жұлдыздары қатысады. Сахнада жүргізушілер спикерлермен сұхбат жасап, әншілер ән салады, стендап-комиктер әзіл айтады. Әрі TEDx форматында монологтар өтеді. Ал «Брифинг» алаңында сайлаушылардың саяси белсенділігі бойынша әр сағаттың басында жедел баспасөз конференциялары ұйымдастырылып, халықаралық байқаушылар, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің өкілдері дауыс беру барысына қатысты ақпарат береді. Ток-шоу форматында түрлі саяси-қоғамдық тақырыптарда «Дискуссия» өтеді. Онлайн-марафонның ерекшелігі - «Дебат алаңы».Қатысушылар жасанды интеллект, бала тәрбиесі, интернет контентті бақылау, мемлекеттік тапсырыспен кітап шығару мәселелері, ауылдарды дамыту, әлемдік миграция, медициналық сақтандыру тақырыптары бойынша өз позициясын қорғайды.Түнгі 00:00-де марафон алаңында дауыс берудің алдын ала нәтижелері бойынша Exit-poll қорытындысы жарияланады.