ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясының сейсмостанциялары кеше сағат 08.53-те тағы бір жер сілкінісін тіркеді. Эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 723 км қашықтықта Тәжікстан аумағында орналасты. Энергетикалық санаты – 11,5. MPV магнитудасы – 5,1. Тереңдігі – 15 км. МSК-64 бағаны бойынша сезілу туралы ақпарат жоқ.

Тараз, Шымкент және Түркістан тұрғындары 2-3 балл қуатымен жерасты дүмпуін сезінді. Жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 740 км қашықтықта Тәжікстан аумағында орналасты. Сондай-ақ тербеліс Өзбекстанның бірқатар қаласына жетті. 21-наурыз күні 06.27-де Қазақстан сейсмологтары Тәжікстандағы тағы бір жер сілкінісін тіркеді. Сағат 07.30-да да Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында жерасты қозғалысы сезілді.Еске салайық, Қазақстанның 5 өңір тұрғындары жерасты дүмпуін 21 наурыз күні де сезінген болатын. Зілзала ошағы Ауғанстанда орналасты. Ауған еліндегі тербеліс Пәкістанға да жетті. Салдарынан кем дегенде 11 адам қаза болды.