Наурыз мерекесін Бәйдібектіктер де ерекше тойлады.Әсіресе   Көктерек ауылдық округіне қарасты Кеңестөбе ауылыда өткен мереке көпке дейін жұрттың есінде сақталмақ. Ауылдың белсенді азаматтыр жиналып ақшаңқа киіз үлер тігіп, үлкен етіп сахна жасапты. Онда мәдениет майталмандары барын салып өнер көрсетті. Ұлттық киім киген ауыл қариялары бір-бірімен төс қағыстырып, «көрісу» ырымын жасап жастарға ақ батасын берді.Ал,кимешек киген ақ жаулықты әжелеріміз ортаға шығып ұлттық би биледі. Қыздар мен жігіттер жағы Алтыбақан аясынан табылды.


Наурыз – бақтың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлаған, халық қастерлейтін күн.Дәстүр бойынша Наурыз мейрамын Кеңестөбеліктер ел болып, әсіресе, жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан бастап, арық-атыздарды тазалау, бұлақ көзін ашу, жас көшеттер отырғызу, түрлі гүлдер егумен бастады. Ал, ақсақалдар жағы үйлерді аралап, ағайындар мен бауырлар арасына түскен сызаттарға араша болып, татуластырып жатты.Биылғы жылы мүшел жасқа толып, осы Наурыз мерекесін ұйымдастырып отырған азаматтар, жылқысын сойып, қазанын көтеріп, ауыл халқына дәм ұсынды. Жеңгелер жағы наурыз көжесін дайындап, ауыз тигізді.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің тағы бір көрінісі дәстүрлі ұлттық ойындар. Ұлттық дәстүр тұсау кесер рәсімі де өтті. Диханбаевтар әулеті ырым етіп ұлдарының тұсауын ел азаматы Нұрхан Асқарұлына кестірді.Бүгінгі күннің тағы бір ерекшелігі дәстүрлі ойындарға аналарымыз бен қыз-келіншектеріміз де үлес қосты. Аналарымыз арқан тартысып, жеңгелеріміз күресті. Әрине, осынау мерекені көптен күткендіктері, қуаныштары көрініп тұрды. Көше тұрғындары, әр жылғы түлектер болып та арқан тартысты.Жеңімпаздар жағы ұйымдастырушылар алқасының марапатына, сый-сияпатына ие болды. Ауыл билері мен ақсақалдар жағы да сахна төрінен көрініп, ыстық ықыластарын білдірді.
Мерекелік шарада сөз алған Көктерек ауылдық округінің әкімі Әбдуразақ Мәуленов ізгі ниетін жеткізіп, спорттық шараларда ауданның намысын қорғап жүрген бірқатар жастарға марапат жасады. Ауыл сыртындағы атшабарда көкпар ойынын Наурыз мерекесін орай ұйымдастырып отырған 1974 жылғы азаматтар осыдан 10 жыл бұрын бастап берген екен. Міне, бүгінде сол үрдіс жалғасын тауып келе жатқан жағдайы бар.Ауылдың өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынып, бишілер жағы әсем би билеп, әншілері әннен шашу шашты. Наурыз мерекесін ұйымдастырып отырған азаматтардың ұл-қыздары да ән айтып, би билеп, үлестерін қосып жатты.Ерлан АБЗАЛҰЛЫ.Бәйдібек ауданы.