Шымкентке олимпиада келген балалар ауырып қайтқалы жатыр. Жаратылыстану ғылымдары бойынша республикалық пән олимпиадасына жан-жақтан жиналған балақайлар бірден ауруханаға түсіп қалды. Оларға жедел гастроэнтерит деген диагноз қойылған.


Жағдай наурыздың 21-нен 22-на қараған түні болған. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жедел гастроэнтериттің клиникалық белгілерімен бірден 15 бала түскен. Балалардың іштері өтіп, ауырып, жүректері айныған. Оқушылар Астана, Алматы қалаларынан, Қостанай, Қызылорда өңірлерінен келген. Оларға медициналық көмек көрсетілді, қазіргі жағдайлары жақсы.
Ал еліміздің шығыс өңірінен келген балалардың бірі жолда қызуы көтеріліп, ауырып келген екен. Оған қызылша диагнозы қойылған. Ал гастроэнтеритке шалдыққан балалардың неден асқазан-ішек жолдары нақты бұзылғанын зертхана қорытындысы анықтайтын болады.