Республикалық олимпиадаға келген 15 оқушының жедел ішек инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов мәлімдеді. Айтуынша, балалар М.Әуезов атындағы ОҚУ №5 жатақхана асханасында тамақтанған. 


Наурыз айының 21-нен 22-на қараған түні өздерін тым жайсыз сезінген 15 оқушы жедел-жәрдеммен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Оларға жедел ішек инфекциясы, жедел гастроэнтериттің ауыр дәрежесі, 2 дәрежелі сусыздану болжамды диагнозы қойылып, ауруханаға жатқызылған. Ал, тамақ таратылған асханаға тексеріс жүргізген санитарлар ол жерден ішек инфекциясын тапқандарын айтады.
Ауруханада толықтай ем қабылдаған оқушылар бүгінде үйлеріне қайтарыла бастаған. Осы орайда, жаратылыстану-математика бағытындағы Республикалық олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімін тоқтатқан қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті  бұл шараның өтетіні туралы ешқандай хабарлама түспегенін жеткізді.
Республикалық олимпиадаға еліміздің түкпір-түкпірінен 784 оқушы мен 76 команда жетекшілері келген. Олар үш мекенжай бойынша қаладағы оқу орындарының жатақханаларына орналастырылған. Жас математиктердің арасында  1  баланың желшешек жұқтырғаны белгілі болды. Осы орайда, санитар мамандар сәуір айының 3-8 аралығына жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың қаламызда өткізілмейтінін мәлімдеді. Сайысты әр аймақ өздері ұйымдастыратын болып шешіліпті.