«Жылыту маусымына дайындықты қазірден бастау керек». Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға осындай тапсырма берді. Аймақ басшысы өткен қыс мезгілінде бірқатар кемшіліктердің орын алғанын және олқылықтардың енді қайталанбауын қамтамасыз етуді ескертті.


Өткен қыс қатал мінезін көрсеткені белгілі. Бұл жағдай коммуналдық қызмет саласының мамандарын айтарлықтай әбігерге салды. Күннің күрт сууы бірқатар аудан қалалардағы орталық жылыту қазандықтардың істен шығуына сеп болған. Алайда, шұғыл авариялық бригадалар дер кезінде жұмыс атқарып, ақаулар дер кезінде қалпына келтірілді, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы.
Жылу жүйелеріндегі апаттық жағдай қақаған қыста халықтың бүрсең қағып қалу қауіпін тудырды. Бұл жағдай аталған салаға ерекше назар аудару қажет екенін көрсеткені рас. Осыған байланысты жылыту маусымына дайындықты қазірден күшейтіп, тиісті шаралар қабылдау керегін айтты аймақ басшысы. Жылу желілеріне 2023 жылдың 1 маусымына дейін техникалық зерттеп-қарау және аудит жүргізіп, қорытындысын алу қажеттігі ел Үкіметінің тапсырмасында да көрсетілгенін де жеткізді.

Айта кетсек, Түркістан облысын әзірге жылу беру маусымы тек бір ғана Сайрам ауданында аяқталды. 15 сәуірге дейін жылу беру толықтай тоқтатылады.