Шымкентте «Жұлдызай» XVІІ Халықаралық балалар шығармашылығының фестивалі өтіп жатыр. Бәсі басым байқауда ерекше физикалық және әлеуметтік қажеттіліктері бар балалар бақ сынауда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл шығармашылық байқауға қатысуға қатысуға үміттілердің саны да көп.


Шаһардағы Жастар орталығында өтіп жатқан Жұлдызай халықаралық шығармашылық байқауына қатысушылардың қарасы қалың. Байқау шарты бойынша балалар хореография, вокал және ым-ишара бағытттары бойынша сыналады.
Фестивальдің әлқиссасын жас дарын Айбын Жұмабеков ашып берді. Ол «Бақытты баламын» деп әуелете, жанды дауыста ән шырқады. Айбын былтыр өткен байқаудың гран при иегері. Жас әншінің өнеріне тіпті, ресейдің танымал өнер жұлдызы Диана Гурцкая тәнті болып, өзінің төсбелгісін табыс етіпті.
Қаладағы 5 мектеп-интернаттан 5 шарт бойынша байқауға қатысып жатқан 70 үміткердің әрқайсысы да бір бір жұлдыз дерсің. Мәселен, мың бұрала би билеген мына қыздардың есту қабілеті бұзылған. Кейбірі тіпті, мүлдем есітпейді. Бірақ, биді нақышына келтіре биледі.
 «Жұлдызай» фестивалін 2005 жылдан бері   «BI-Жұлдызай» корпоративтік қоры ұйымдастырып келеді. Ал, байқаудың қалалық кезеңінен қара үзіп, дара шыққандар мамыр айында Астанада өтетін республикалық фестифальге жолдама алмақ.