Елімізде жайылымның жетіспеуі – ауыл шаруашылығы саласы үшін өзекті  болып тұр. Осы орайда шаһарда ауыл шаруашылығы және  басқа да мақсаттарға арналған жерлерге кешенді мониторинг жүргізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.  


Тексеріс жүргізу кезінде бірқатар елді мекендердегі бос жатқан жерлер анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды. Мәселен Ынтымақ шағын ауданында 15 және 24 гектар бос жер анықталып, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына тұрақты жер пайдалану құқығымен рәсімделді. Сондай-ақ, Әл-Фараби аудандық сотының шешіміне сәйкес 6 жер учаскесін мемлекеттік меншікке алу шешімі шыққан. Бұл шешім негізінде игерілмеген бос жерлер мемлекетке қайтарылды. Одан бөлек, Шымкент қалалық жер комиссиясында анықталғандай 9 жер учаскесінің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Бүгінде жалпы алаңы 14,34 гектар жерді қайтарып алу жұмыстары жүріп жатыр. Айта кетейік, арнайы құрылған жұмыс  тобының мониторинг жұмыстары үздіксіз жалғасады. Бұл бағыт бойынша бос жер телімдері анықталған жағдайда мемлекет теңгеріміне алынады.