Қазақстанда алимент төлемей жүргендердің қарызы 3 миллиард теңгеден асып кетіпті. Жаңа ақпаратты Әділет вице-министрінің өзі айтып отыр. Бекболат Молдабеков Шымкент қаласына Президенттің тапсырмасы бойынша келген. Жыл соңына дейін ведомство өкілдері, министрдің өзі барлық өңірді аралап шығуға тиіс.

 Іс сапарының басын Әділет вице-министрі мегаполис тұрғындарымен кездесуден бастады. «Көрме» орталығына жиылған қауым көп болмады. Сұрақтары да түрлі деңгейде. Басым бөлігі заң талаптарын түсінбеу, жеке кеңеске ұласып кетті. Ал әрі қарай Бекболат Молдабеков халықты жеке қабылдауда күтеніні жеткізді.

 Қазір түрлі рәсімдер цифрландырылып жатыр. Соның бірі неке қию. Жастар мобильді қосымша арқылы үйден шықпай, үйлене алады. бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласы бойынша мобильді қосымша арқылы 1434 неке тіркелген. 60 мыңнан астам бала туу туралы куәлік, ЖШС-ні тіркеуге 160-қа жуық өтінім берілген. Сондай-ақ заңды тұлғалар туралы 3 мыңға жуық және жылжымайтын мүлік бойынша 200 мыңға жуық мәліметтер берілгені белгілі болды.    

 Шымкенттегі өзекті мәселелердің бірі құқықтық сауаттылық. Әсіресе, әйел адамдар өзінің заңды құқын білмейтін көрінеді. Ал алимент төлемейтін ер азаматтар айлық табысын жасырып жүреді. Мұның өзі тек борышкердің емес, жұмыс берушінің де жауапкершілігі.

Бекболат Молдабеков

ҚР Әділет вице-министрі 
- Егер сен борышкерді жасырсаң, оған қолма-қол еңбекақы төлесең, демек сен де қылмыскерсің. Көптеген компания мұны білмейді. Біз қазір тиісті органдармен келісіп, бұл жұмыстарды техникалық тұрғыда аяқтап қалдық. Пиар-жұмыстар жоспарланып отыр. Халықтың құқықтық сауатын арттыру керек.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап елде конституциялық сот жұмыс істейді. Құқығы тапталып, теперіш көргендер енді Конституциялық сотқа жүгіне алады.