Үшінші мегаполисте қарағайлар қурап жатыр. Бәйдібек би даңғылының бойы мен Этносаябақтағы қылқанжапырақты ағаштар биыл қыстың суығына төзбей үсік шалған. Бұл өсімдіктер ауа райы минус 15 градустан төмендесе жарамай қалатын көрінеді. Нәтижесінде бір саябақтан бірден 700 ағаш кесілмек.
Нұрлан Пайзов
тілші
- Қураған қарағайдың басымы Бәйдібек би алаңындағы этносаябақта көптеп байқалады. Отырғызылғанына 8 жыл болған қылқанжапырақты ағаштар Эльдар сортынан екен. Жауаптылар ағаштардың жаппай қурауын қыстың қатты болуымен байланыстырады. Сөздеріне сенсек қазіргі таңда бұл ағаштарды емдеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесі де жоқ емес дейді.
Шымкентте қылқанжапырақтылардың Эльдар, Қырым және Жәй қарағай түрлері отырғызылған. Қурап жатқаны Эльдар сорты. Оны Әзірбайжан мен Өзбекстан агрономдары қарағай ағаштарының сортын мутациялау арқылы өсірген. Орталық Азияның климатына бейімді, алайда қатты аязға төзімсіз.
Қазіргі таңда мамандар қураған қылқанжапырақты ағаштарды емдеп жатыр. Нәтижесінде дарақтарға жан бітіп қайта көгерген. Ал, емдеуге жатпайтын 700 қарағай түбінен кесіледі. Орнына күз айында басқа ағаш отырғызылады. Қураған ағаштар тек этносаябақта ғана емес, Қаратау ауданының орталық көшелері мен Республика даңғылында да байқалады.
Айта өтейік, қарағайдың нарықтағы бағасы сортына қарай 6 мың мен 40 мың теңге аралығында сатылады. Алайда ,қазіргі таңда қала бюджетіне қураған ағаштардың кесірінен қанша шығын келгені белгісіз.