Бүгін, яғни 25 мамырда Қазақстан мектептерінде жылдағыдай соңғы қоңырау соғылмады. Оған биылдан бастап оқу жылының 36 аптаға ұзартылуы себеп. Үкімет отырысында Оқу ағарту министрі биылғы оқу жылы қалай аяқталатынын, қанша оқушы мектеппен қоштасатынын айтты. Ал Шымкенттегі білім ұяларында Соңғы қоңырау салтанаты қашан және қалай өтеді? Бітіруші түлектерге мерекелік кеш ұйымдастыруына, мұғалімдеріне сыйлық жасауына рұқсат па? Қауіпсіздік жағы қалай болады? Үшінші мегополистің бас ұстазынан арнайы сұрап білдік.
Күнту Арынбек
тілші
- Білім саласында биылғы өзгерістің ең бастысы - оқу аптасының 5 күндік жүйеге көшуі. Осылайша, оқу жылы 34 аптадан 36 аптаға ұзартылып отыр. Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі бұл өзгеріс дамыған мемлекеттерде бұрыннан барын айтты. Ведомство басшысы сонымен бірге биылғы оқу жылының аяқталуына байланысты іс-шаралар қалай өтетінін де жеткізді.
Шымкенттегі мектептерде де оқу жылы 31 мамыр күні аяқталады. Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева оқу мерзімі білім бағдарламасын толық қамтамасыз ету мақсатында ұзартылған дейді. Ал Соңғы қоңырау - 1 маусым күнгі салтанатты жиынды өткізу форматын білім беру ұйымдары өздері таңдайтын көрінеді.
Соңғы қоңырау мерекесі кезінде оқушылар мен түлектердің қауіпсіздігі назардан тыс қалмайды. Қала әкімдігінің жанынан арнайы комиссия құрылған. Шымкенттің бас ұстазы мереке күндері ойын-сауық демалыс орталықтарында, су тоғандары мен қауіп төндіретін орындарда, қала сыртына шығатын бекеттерде бақылау қадағалау болатынын ескертті.
Сондай-ақ, түлектердің ата-аналардан негізсіз қаржы жинап, артық шашылмауын сұрады. Мұғалімі мен мектепке сый-сыяпат жасауға тыйым барын еске салды. «Бітіру кешінде түлектер мектеп формасын соңғы рет киіп, алтын ұясымен қоштасса ғой» деген ойын айтты.
Күнту Арынбек
тілші
- 2022-2023 жылғы оқу жылы Қазақстан мектептеріндегі 3 миллион 700 мыңнан астам оқушы үшін аяқталмақ. Оның ішінде 373 мың бала 4 сыныпты аяқтаса, 288 мыңға жуық оқушы 9-сыныпты бітіреді. Ал 11 сыныпты 172 мыңнан астам түлек бітіріп, мектеппен мәңгіге қоштасады. Олардың ішінде 6 817-і «Алтын белгіге» үміткер.