Кез-келген ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестицияның әсері мол. Бұл бағытта Арыс қаласындағы жұмыстар жүйелі. Ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік саласының қарқынымен шаһарда жұмыспен қамту көрсеткіші еселенген. Бұл туралы Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Түркістан өңірлік  коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.

Өңірде алдағы бес жылда 93,0 млрд. теңгеге инвестиция тарту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде 42 инвестициялық жоба іске асырылып, 1209 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Әкім сөзіне сенсек,  айтуынша, биылғы жылдың өзінде 30,4 млрд.теңгеге жуық қаржыға 15 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы арқылы 256 адамды жұмыспен қамту көзделген.

Биыл «Turkistan Agro KZ» ЖШС-нің «Жаңбырлатып суару және мал бордақылау алаңы» жобасы жүзеге аспақ. 50 мың ірі қара малды бордақылауға арналған кешеннің жалпы құны 8,7 млрд теңгені құрайды. Биыл, бірінші кезеңде 25 мыңға арналған мал бордақылау алаңының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Кешен толық іске қосылғанда 60 адам жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, ірі қара малды азықпен қамтамасыз ету үшін 3000 га аумаққа жаңбырлатып суару әдісімен өнім алуға тағы 8 млрд теңге инвестиция салынбақ.

 Жалпы, алдағы 5 жыл ішінде Арыс қаласында өңдеу өнеркәсіп саласы бойынша - 10, машина жасау - 1, Транспорт логистика - 1.Туризм саласы - 2, Білім саласы - 9, Агроөнеркәсіп саласы - 16, Балық өсіру – 4 инвест жоба жүзеге асыру жоспарланып отыр.