Көптен күткен газ! Биыл Тұран, Тассай, Нұртас сынды шағын аудан, тұрғын алаптарға көгілдір отын беріліп қалуы керек. Тұранда құрылыс жұмыстары аяқталды, қалған екеуінде жыл соңына қарай жоспарланған екен. Бұл жөнінде Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов мәлімет берді.

Қаратау ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамту көрсеткіші - 96%-ға жетті. Басқа аудандар секілді аумақ та көгілдір отын мәселесін толығымен 2025 жылы шешпек. Аудан әкімінің айтуынша, 2022 жылы жеткен жетістік көп. Бірқатар елді мекендер сапалы электр жарығына қол жеткізген.

Ауданда көше асфальт төсеу мәселесі қиындау. 364 шақырым көшенің 233 шақырымы шағал тас болса,  33 километрде топырақтан өзге түк жоқ. Биыл 50 шақырымға созылып жатқан 71 көше асфальтталады екен. Ал жарықтандыруға келсек, 2025 жылға қарай 150 көшені жарқырату жоспары тұр.

Аудан тұрғындары қоқысқа жиі шағымданып жатады. Дегенмен, қазір қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемелермен тұрғындардың 99 пайызы келісім-шарт түзген. Көпқабатты тұрғын үйлерге келсек, 2022 жылы аудан әкімі аппараты тарапынан 375 жаңа қоқыс контейнерлері орнатылған. Ал 46 қоқыс алаңшасының орны абаттандырылды.