Жұмыссыз жүрсіз бе? Онда әскери қызметке барыңыз. Шеніңізге қарай  жалақы аласыз. Ең төменгі айлық 250 мың теңгеден басталады. Тек қолыңызда қатарға жарамды деген әскери билетіңіз болса болғаны. Бір ғана Қостанай облысының шекара қызметінде дәл қазіргі уақытта 300 орын бос тұр екен. Түркістанға келіп арнайы баспасөз мәслихатын өткізген  ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, подполковник Серік Төлеуханов осылай деп мәлімдеді.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, подполковник Серік Төлеухановтың айтуынша  өңірде 300 ден астам бос орын бар екен. Ондағы ең төменгі айлық жалақы 250 мың теңгеден басталады, дейді спикер. Қатарға тұрып Отанға қызмет етуге ниетті 18 пен 32 жас аралығындағы жастарды келісім-шарт негізінде қабылдауға әзірміз, дейді шекарашы подполковник. Бастысы әскери билеті бар болса болғаны. Оған қоса офицер боламын деген жауынгерлер ел аумағымен қатар Рейсей және Түркияның әскери оқу орындарында білімін жетілдіре алады.

Серік Төлеуханов - ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, подполковник
- Жоғары оқу орындарына түсетін азаматтар орта немесе орта білімнен кейінгі білімі бар, әскери қызмет өткермеген 17 мен 21 жас аралығындағы азаматтар болуы керек. Оқуға 24 жасқа толмаған, әскери қызмет не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген азаматтар және шақыру бойынша мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер және 25 жасқа толмаған, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеріп жүрген қызметкерлер қабылданады.Біз азаматтарды әскери қызметке қабылдау барысында офицерлер, сержанттар мен сарбаздар құрамы лауазымдарына көңіл бөліп отырмыз. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Түрік Республикасы әскери оқу орындарына жоғары білім алу үшін және жоғары білімі барлар қатарынан 6 айлық қайта дайындау курстарын оқығаннан кейін офицерлік лауазым алу үшін үміткерлерді іріктеу жұмыстарын іске асырып жатырмыз.

 Тағы бір жағымды жаңалық. Шекара шебіне қатарға қабылданатын болсаңыз тұрақты жалақы алып, баспанамен қамтыласыз. Болмаса пәтер ақысы беріледі. Оған қоса жанұяңызға да үстеме ақы аласыз. Әскери қызметке кандидаттар қажетті  құжаттары мен қатар медициналық куәландырудан өтеді. Яғни, дене шынықтыру дайындық барысы мен жүйкесі тексеріліп, кәсіби деңгейі мен мамандығына сәйкестігі сараланады.

Серік Төлеуханов - ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, подполковник
- Шекара қызметінің қатарына қабылданған азаматтар тұрақты жалақымен, тұрғын үймен, пәтерақымен, медициналық тексерулермен, тегін қысқы жазғы киімдермен қамтылады. Сондай-ақ, әр жанұя мүшесіне тұрғын үй төлемдері, жауынгерлік қызметте тегін тамаққа үстемақымен қамтамасыз етіледі. Азаматтардың құжаттарын қабылдау уақытының шектеуі жоқ. Әскери қызметке құлшынысы зор азаматтарды Қостанай облысына жұмыс істеуге шақырамыз.

Азаматтардың құжаттарын қабылдауда шектеу жоқ.Тек ниет болса болды, деген  полковник Түркістандық жастарды Қостанайға шекарашы болуға шақырды.