Шымкентте жекеменшік мектептердің саны артып келеді. Жергілікті кәсіпкерлер мемлекеттің қодауымен мектеп ашып, сапалы білім беруді қолға алған. Мәселен Елтай елдімекеніндегі «Alash school» жекеменшік мектебі 600 балаға шақталған. Онда сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалған. Оқушылардың түрлі үйірмелер мен спорттық шараларға қатысуға мүмкіндігі де бар.

 Бұл жеке инвестордың есебінен салынған су жаңа мектеп. Мұндағы оқушылар осыған дейін тар мектепте білім алып келген. Әсел Заттыбек №120 Бауыржан Момышұлы атындағы орта білім беретін мектебінен ауысып келген оқушы. Сөзінше «Alash school» жекеменшік мектебінде білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Әсіресе үйірмеге қатысып, жан-жақты дамуға мүмкіндік көп екен.

«Alash school» жекеменшік мектебі  Елтай елдімекеніндегі жалғыз білім ұясы. 600 орынға шақталған ғимаратта 500 бала оқиды. Мұнда 25 кабинет болса, физика, химия,  информатика кабинеттері заманау құрылғылармен жабдықталыпты. Ал, шалғайдан қатынап оқитын оқушылар үшін арнайы автобус қарастырылған.

 Елдімекендегі бала санның артуына байланысты мектеп ғимараты жанынан қосымша ғимарат салынуы мүмкін. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша зерделеу жұмысы жүріп жатыр дейді білім ұясының өкілі. Айта өтейік «Alash school» жекеменшік мектебін биыл 21 оқушы тәмәмдайды.  Оның ішінде бір алтын белгі  үміткері бар.