Қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған қасіретті жылдарда «Елім-ай» дастаны шықты. Қазақтың қайғысын өрнектеген жырдың шыққанына биыл 300 жыл. Атаулы датаға орай Шаян – Шолаққорған күре тасжолындағы Қаратау асуында тұғыр тас орнатылды.
1723 жылы елімізге тұтқиылдан басталған жоңғар шапқыншылығы Қазақтың басына үлкен нәубет болды. Қамсыз жатқан ел қапыда қалып қайғыдан қан жұтты. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған сол жылдары қазақ халқы үдере көшіп қаратау асып босып кетті. Сол кезде елдің жадында мәңгі сақталған «Елім-ай» дастаны шықты. Осы уақытқа дейін халық әні деп келген дастанды ұлы жырау Қожаберген Толыбайұлы шығарған болатын.
Қаратаудың бөктеріне орнатылған тұғыр тас қазақтың тарихынан сыр шертетін орынға айналмақ. Күре жолдың бойында орналасқандықтан жолаушылар бабалар рухына құран бағыштап кетуіне ыңғайлы. Бұл ескерткішті орнатуға Қазақстан Республикасының «Ардагерлер ұйымының» төралқа мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы профессор Бекет Тұрғараевағамыз ұйытқы болған.
Мәдениет және спорт министрінің «2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне бекіту туралы» бұйрығына сәйкес,осы тарихи оқиғаны мәңгілік есте қалдыру үшін тарихи тұғыр тасты Шаян – Шолаққорған бағытындағы күре тасжолдың Қаратау асуындаорнатылып отыр. Тұғыр тастың ашылу салтанатына бір қауым зиялылар жиналды. Мемлекет және қоғам қайраткерлерін Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ардагерлер кеңесінің төрағалары бастап келді. Айтқандай бұл жиынға Қожаберген Толыбайұлының оныншы ұрпағы Жараспай Сүлейменов арнайы келіпті.