Созақ ауданы Созақ ауылы тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Ауылда зәулім мешіт пайдалануға берілді.
Алтын түстес күмбезі күнмен шағылысқан бұл мешіт алыстан көз жауын алады. Ауласы жасыл желекпен көмкерілген Алла үйінің аумағы да кең. Мұнда бір мезетте мың адам Құдайға мінәжат ете алады. Ауыл тұрғындары бұрын талай ғасырлық тарихы бар кіші мешітте жұмада жолығып келген. Бұдан былай созақтықтар сән-салтанаты келіскен мешітте еркін құлшылық қыла алады.
Мешітте ерлерден бөлек әйелдер намаз оқитын арнайы бөлме жасақталған. Құдайы өткізуге арналған 300 орындық асқанасы бар. Мешітті осы ауылдың тумасы кәсіпкер Мұрат Жұмабеков өз қаржысына салыпты. Алланың үйіне атасының емес ауылдың атын берген. Созақ ауылдық мешіті ынтымақ пен берекені ұйыстыратын құт мекен болады деп сеніп отыр.
Мешіт бұл пәнидегі Алланың үйі. Халыққа мешіт соғып бергеннің сауабы да зор дейді облыстың бас имамы.
Түркістан облысында 768 мешіт бар. Созақта ашылған бұл Алланың үйі 769 –шы болып тұр. Биыл құрлыс жұмыстары жүргізіліп жатқан тағы 20 ға жуық мешіт бар. 3 млн ға жуық тұрғыны бар өңірге бұл мешіттер көптік етпейді. Салтанатты шарадан кейін Жұмабековтер әулеті 5 мың адамға ас беріп, ақындар айтысын ұйымдастырып бүкіл жамағаттың көңілін көкке көтерді.