Түркістан  облысында  аудан, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары облыс әкімінің қатаң бақылауында. Аталған  мәселе бүгін де мәжілісте арнайы талқыланып, өзі басқаратын аумақты  жайқалтып, абаттандыра алмай жатқан аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпелер айтылды.

Облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Мадияр Алипов аудан, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары бойынша зерделеу жұмыстары нәтижесі туралы баяндады.Көп аудандар көшедегі  шөпті  ору, кейбір ағаштарды әктеу жұмыстарымен шектеліп жатыр. Жол бойындағы үйлерді және олардың қоршауларын ретке келтіру жұмыстарына көңіл бөлінбеуде.

Сондай-ақ аудан, қалаларда саябақтарда, скверлерде, демалыс орындарында атқарылып жатқан жұмыстар баяу жүргізілуде екен. Көпқабатты үйлердің қасбеттерін ретке келтіру бойынша Төлеби, Шардара, Ордабасы аудандары мен Кентау қаласы ғана жұмысты бастап отырғанын бөлім басшысы атап өтті. Бірқатар аймақтарда ғимараттың қасбетін әктеусапасыз жасалғандығыда сөз болды. Мардымсыз жұмыс жүргізіліп жатқандығынан облыс әкіміде хабардар. Сондықтан тазалық жұмыстарын кенжелетіп жатқан аудан қала әкімдеріне қатаң ескерту берді.

Жиында үйлер мен ғимараттарды әктеу-сырлау, жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіру мәселесіде назарда тұратындығы айтылды. Сонымен қатар  ойын алаңшаларын реттеу, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырма берілді.