Мұсылманша неке қиып алып, жарыңызды адал деп жүрсіз бе? Заң жүзінде ол Сізге ешкім де емес. Ал, балалардан бас тартса, сот арқылы ғана әкелік растап, әуреге түсесіз. Көп қазақ әйелінің басындағы күй осы екен. Ал, Әділет вице-министрі имамдар заңды неке куәлігінсіз мешітте екі жасты қоса алмайтынын айтты.

 Қала тұрғыны Мәриям  апайдың дағдарыс орталығынан шыққанына 1 жылдан асқан. 3 баланың анасын отағасы оп-оңай тастап кете салыпты. Бар себеп – басқа әйелді сүйіп қалуында. Заңды некенің болмауы ажырасу процесін қиындатып жіберген. Ал, мешіттегі неке куәлігінің еш заңды күші болмай шыққан.

Мәриям Бақытқызы

қала тұрғыны
- Енді басында үйленген кезде жас болдық. Мешітте, Алланың алдында некеміз ақ болса болды ғой, заңды түрде тұрармыз деп жүре бердік. Уақыт та болмай кетті шыны керек. Сөйтіп, тастады да кетті. Ол әйелмен де неке қиып алған деп естідік. Өкінем. Дағдарыс орталығында құқықтық сауат алдық.

Тұрғындардың айтуынша, қазір жастар ең алдымен мешітке барып некесін қидырады. Содан кейін салт-дәстүр, жөн-жоралғысын жасайды. Заңды неке екінші орында, тіпті соңғы этапта болып жататын кездер аз емес. Халықтың құқықтық сауаты жоғары болуы керек.

 Мешіт – кез-келген адамның некесін қиып бере салатын орын емес. Ислам дінінде неке жариялы болмаса, күмәнді боп есептеледі. Имамдар да заңды неке куәлігінсіз, екі жанды үйлендірмейміз деп отыр. Бұл да кейбір отбасылық кикілжіңнің, діннің қателікті ақтайтын құрал болмауының алдын алу.

 ҚР Әділет министрлігі тарапынан мұсылмандар діни басқармасына түрлі ұсыныстар берілген. Ешбір имам заңды неке куәлігінсіз екі жасты үйлендірмеуге тиіс. Неке қиюда ер мен әйелге қойылатын бір талап осы болуы керек. Рұқсатсыз үйлендіру заңға қайшы.
Кейбір ашық дереккөздерге сүйенсек, соңғы 10 жылда 15-18 жас аралығындағы жастар арасында 30 мыңнан астам неке қиылған деген дерек бар. Бұлардың бәрі мешіттен де, АХАЖ-дан да тыс қиылғаны анық. Кез-келген дін қызметкері қия беретін неке ойыншық емес деп отыр мамандар. Оның үстіне, қазір ешқайда шықпай-ақ, некені онлайн рәсімдей салу оп-оңай. Ал қала тұрғыны Мәриям енді екінші рет тұрмысқа шықпаймын деп отыр.