«Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жақында Түркістан облысынан 50-ге жуық отбасы Солтүстікке барып көші*қон мәселесіне қатысты жағдайды өз көздерімен көріп қайтқан болатын. Осыдан кейін 20 отбасы теріскейде қалуға шешім қабылдапты. Ал, қалғандары жайлы аудандарды таңдап, біртіндеп солтүстікке қоныс аударуды жоспарлап отыр екен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков мәлім етті.

2016 жылдан бері Солтүстікке көштің жандануына атсалысып жүрген халық қалаулысы Жаңабай Молдабайұлы бұл жолы да өңір тұрғындарының теріскейдегі тіршілікпен танысып қайтуына жағдай жасап, қолдау көрсетті. Депутаттың айтуынша, осындай танымдық сапарлар алдағы уақытта да жалғасады.
Жаңабай Ағабеков

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты
- Жақында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен осы көштің басы-қасында жүрген ұлтжанды азамат Бурахан Даһанов өңірімізге келіп, онымен бірге бір аптадай түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесіз емес. Солтүстіктің жері құнарлы, онда жұмыс көп, маман тапшы. Біздің өңірдің еңбекқор халқы солтүстікке де тез бейімделіп жатыр. Бірнеше жыл бұрын теріскейдегі жабылғалы тұрған мектеп оңтүстіктен көшіп барған 50 шақты оқушының арқасында жұмысын жалғастырып, ауылдың ажары артты. Қазақ елінің әрбір жері қастерлі. Қолынан іс келетін, мал бағуға, егістікпен айналысуға ебі бар өңір тұрғындарын солтүстікке қоныс аударуға шақырамын.

 Солтүстік өңірлерге халқы тығыз орналасқан Оңтүстік аймақтарынан халықты көшіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. 2015-2022 жылдар аралығында Солтүстікке өңірімізден 11 892 адам қоныс аударған. Ал, осы жылдың 5 айында облыстан 206 отбасы, яғни 691 адам көшіп барған,дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов  
Нұржан Нұрашов

Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары

- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылға республика бойынша 6727 квота бөлді. Қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 8 облыс белгіленген. Олар - Абай, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары. Биыл 19-21 сәуір аралығында Түркістан облысының 9 ауданында еліміздің солтүстік-шығыс 4 аймақтарының өкілдерінің қатысуымен «Қоныс аудару» жәрмеңкелері, «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы өкілдерімен бірге халықпен кездесулер өткізілді. Нәтижесінде, 509 отбасы қоныс аударуға ниет білдірді, оның ішінде 100-ден аса азамат оң шешім қабылдайтынын жеткізген.

Саурандық Әділхан Жумадулла Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Еңбек ауылына көшіп баруға шешім қабылдапты.Ол теріскейге көштің тиімді тұстары мен  тұрғын үйлердің бағасы қолжетімді әрі мал шаруашылығына ыңғайлы екенін тілге тиек етті. Ауылдың әлеуметтік жағдайы да көңілінен шыққан.

Әділхан Жумадулла

Сауран ауданының тұрғыны
- Солтүстіктегі ағайын ыстық ықыласпен қарсы алып, қолдауын көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта онда ірі қара мал бағып, осы шаруашылықты дамытуға күш салмақпын. Мен барған Шал ақын ауданында балық шаруашылығымен де айналысуға мүмкіндік мол. Ауданда 17 көл бар екен. Болашақта көлдің емдік балшығының негізінде санаторий ашуға ниеттімін. Осы сапар нәтижесінде өзім 15 шақты отбасыға құжаттарын рәсімдеуге көмектесіп, солтүстікке алып бара жатырмын.

Одан бөлек, солтүстікке көшуге ниетті Келес ауданының тұрғыны Мұхамеджан Алдияров та мал шаруашылығына лайықты елдімекенді таңдап, көшуге дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ, ол көшіп барған соң солтүстік жұртына ұлттық спорт түрі көкпарды насихаттап, дамытқысы келетіндігін жеткізді.