Жерлеу рәсімі біреуге қайғы болса, енді біреуге табыс көзі. Кейінгі кезде Шымкентте де жерлеу қызметін ұсынатын ұйымдар көбейіп жатыр. Әрине, ақылы түрде. Үшінші мегополисте жалпы саны 75-ке жуық мазарат бар екен. Ондағы ахуал қалай? Мазараттарды күтіп-баптау жұмыстарымен кімдер айналысады?
Шымкенттің Абай ауданында 10 мазарат бар. Оларды күтіп баптау жұмысының жүйесі қаңтар айынан бастап өзгеріпті. 2023 жылдан бастап молалардың тазалығына мердігер емес, әкімдік жанынан құрылған арнайы коммуналдық мекеме жауапты. Бұл жыл сайын мердігердің ауысуынан болатын жүйесіздікті жоюға мүмкіндік береді. Коммуналдық мекемеде жұмыс істейтін 11 адам мазараттарды тазалап, шөбін жұлып, әрлейді. Олар зираттардағы өрт қауіпсіздігін де қадағалайды.
Бұл мазаратта бір адамды жерлеу құны 25 мыңнан басталып, 50 мың теңгеге дейін жетеді. Қиын жағдайға тап болған адамға көмектесу үшін арнайы қызметкерлер де бар. Аталған қызметкерлер жерлеу рәсімін орындауға қатысты барлық жұмыстарды орындайды. Сондай-ақ, зират басын қадағалайды. Ол арқылы өлілерге құрмет көрсетеміз, - дейді шырақшы.
Бұл мазарда іздеу жоқтар да жерленген, олар арнайы номермен белгіленеді. Кейін жақындары табылып жатқан осы белгі арқылы қай жерге жерленгені анықталады. Айта кетейік, бүгінде Абай ауданы әкімдігінің жанынан құрылған коммуналдық мекеме 10 мазаратты тазалап, күтіп-баптау жұмысымен айналысады. Оның сегізі арнайы қоршалған болса, Қаратау ауданынан қосылған екі моланы қоршау жұмысы енді басталмақ.
Мазараттардың мәселесін шешу үшін құрылған мекемелер жұмысын бастап, жоспарын да жүйелеп қойған. Мамандардың айтуынша, Шымкентте мола саны жетерлік, жаңадан ашу жоспарда жоқ.
Гүлім Мұратәлі