Шымкентте «Кітап оқитын ұлт» жобасының үздіктері марапатталды. Пилоттық жоба 66 мыңнан астам азаматты қамтыған. Әр адам 15 кітаптан оқып шыққан. 6 бағытта өрбіген жобада мектеп оқушыларынан бастап студенттер мен білімді әулеттер, педагогтер мен мемлекеттік қызметкерлерге дейін бақ сынады. Жобаның үздіктерін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің өзі арнайы құттықтады.


Сыздықовтар әулеті 15 мың отбасының ішінен үздік деп танылды. Бұл әулеттің үлкен-кішісі, ұл-қыздары, немере-шөбересіне дейін кітап оқиды. Отағасы ұлағатты ұстаз, жастайынан Абайдың қара сөздерін сіңіріп өскен. Ұлы ойшылдың шығармалары адамның өн бойындағы адалдық пен отбасы құндылықтарын нығайтады, дейді ол.


ГҮЛМИРА МЫРЗАЛИЕВА, ҮЗДІК ӘУЛЕТТІҢ АНАСЫ
«Бұл менің хоббиім десе де болады. Өзім кітап оқуға өте құмар болғандықтан, отбасымды да осыған тарттым. Қазір жас балалар телефонға кіріп кеткен. Одан да қолдарынан кітап түспесе, шындығында рухани бай болар еді. Ал рухани бай адам ешуақытта қылмысқа бармайды.»


 Былтыр күзде басталған жобаға 66 мыңнан астам адам қатысты. Әр үміткер 15 кітаптан оқыды. Нәтижесінде оқылған кітап саны 500 мыңнан асты. Қалада жаңа мәдени-зияткерлік үрдіс қалыптасып, әсіресе мектеп оқушылары мен студенттер арасында ерекше дебаттар мен пікірсайыстар ұйымдастырылды.


ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Жуырда Президентіміздің “Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру туралы” жарлыққа қол қоюы бұл бағыттың стратегиялық маңызын айқындай түсті. Біз Шымкентті тек дамыған мегаполис емес, руханияты биік, кітап оқу мәдениеті қалыптасқан интеллектуалды қала ретінде дамытуымыз қажет.»


Қазақ әдебиетінің классик ақындары мен әлемдік жазушылардың туындылары ұлт руханияты мен адамгершілік құндылықтарды терең түсінуге мүмкіндік берді.


 ДІНИСЛАМ ӘБДІКЕРІМ, ОҚУШЫ
“Ұлпан” кітабы есімде қатты қалды. Өйткені Ұлпанның өз даналығы бар. Есенейге тұрмысқа шыққаннан кейін де ел мұрасын, халықты жақсы билеп, басқарды.


 Жоба қысқа мерзім ішінде қала тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қоғамдық сана мен рухани мәдениетті дамытуға бағытталған маңызды бастамаға айналды.