Шымкентте «Қазақстандағы геологиялық барлаудың эволюциясы: инновациялар мен перспективалар» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Геология саласының мамандары бас қосқан жиында кен орындарын барлау, заманауи технологияларды енгізу және минералдық-шикізат базасын толықтыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, конференция қазақтың көрнекті геолог ғалымы, мемлекет қайраткері, профессор Шахмардан Есеновті еске алуға арналды.


Конференция Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі геологиялық әлеуетті арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, сала сарапшылары мен бизнес қауымдастығы қатысты. Онда геологиялық барлау кешенін технологиялық жаңғырту, кен орындарын игерудің тиімділігін арттыру және саладағы өзекті мәселелер кеңінен сөз болды.


 СЕРІКБЕК ДӘУКЕЕВ, АКАДЕМИК
«Геология – ел байлығын ашатын маңызды сала. Экономиканың басым бөлігі осы геологиямен байланысты. Қай өңірге барсаңыз да, кен орындарының ел дамуына әсерін көресіз. Сондықтан мұндай конференциялардың өтуі өте маңызды. Саланың жетістігі мен мәселесін елге, Үкіметке, депутаттарға көрсету қажет».


Мамандардың айтуынша, елімізде кешенді геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 40 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш 100 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылмақ.


МАҒЗҰМ МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ
 «Осындай қомақты қаржыландыру нәтижесінде геология саласында тұрақты жетістіктерге қол жеткізілуде. 2022-2025 жылдары мемлекеттік балансқа 38 жаңа кен орны енгізілді. Бұл алтын, күміс, мыс, қорғасын, марганец, фосфорит және темір кені сияқты пайдалы қазбалар қорының артуына мүмкіндік береді».


Бүгінде еліміздің 9 жоғары оқу орнында халықаралық стандарттарға сай геология мамандарын даярлау қолға алынған. Оқу бағдарламасына цифрлық технологиялар мен аэроғарыштық суреттерді талдау жүйесі енгізіліп, студенттер заманауи зертханаларда білім алып, шахталар мен карьерлерде тәжірибеден өтуде.


 ЕРЛАН АҚБАРОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ
«Қазіргі цифрлық дәуірде геологиялық барлау саласында жаңа технологиялар кеңінен қолданылып жатыр. Ғылыми-зерттеу институттары ғылым мен өндірісті ұштастырып, білікті маман даярлауда. Бүгінгі конференцияға студенттердің де қатысуы соның айғағы».


Жиын барысында қатысушылар қазақ геология ғылымының дамуына зор үлес қосқан Шахмардан Есеновтің еңбегін ерекше атап өтті.


АСҚАР ЖҰМАДІЛДАЕВ, ҚР ҰҒА ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ
«Бұл конференция Ұлттық ғылым академиясының бұрынғы президенті Шахмардан Есеновтің 99 жылдығына арналды. Ол қазақ ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан тұлға. Сондықтан мұндай жиындарда саланың маңызды мәселелері мен жетістіктері кеңінен талқыланады».


 Конференцияның пленарлық отырысында кен орындарын іздеу, барлау және игерудің өзекті мәселелері, сондай-ақ Қазақстан геологиясы, тектоникасы мен металлогениясы жайында баяндамалар жасалды.