Ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау ісі қарқын алып келеді. Осындай бүлдіршіндерді оңалтуға барлық мамандар атсалысып отыр. Шымкентте арнайы конференция ұйымдастырылып, тірек-қимылында бұзылысы бар бүлдіршіндер үшін түрлі құрылғылар ұсынылды. Халықаралық тәжірибені талқылауға бағытталған жиынға ОҚМА мұрындық болды.


Бүгінгі жиын ерекше балаларға инклюзивті білім беру және медициналық-әлеуметтік сүйемелдеу бағыттарындағы заманауи тәсілдер мен халықаралық тәжірибені талқылауға арналған. Онда Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан келген жетекші мамандар, ғалымдар мен сарапшылар баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті.


 ЕРХАН ПЕРНЕБЕКОВ, ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕДИЦИНА АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
 Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығында «Қайырымды істер уақыты – 2026» форумы аясында «Инклюзивті сүйемелдеудің пәнаралық моделі: медицина, білім беру және әлеуметтік қолдауды интеграциялау» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтуде.


Бұл күні ерекше балаларға арналған түрлі құрылғылар көпшілікке ұсынылды. Мамандар балғындарды оңалту ісіне қатысты тың деректерімен бөлісті. Мұндай шара еліміздің 4 аймағында қатар өтті.


САЛТАНАТ ИБРАЕВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ «ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ» ШҚФ ДИРЕКТОРЫ
Бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі таңда Қазақстанның 4 өңірінде өтіп жатқандықтан түрлі мәселелер қаралуда.


Конференцияға қатысушылар үшін тәжірибелік шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Мамандар оңалту, логопедия, инклюзивті білім беру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. Пациентке бағдарланған көмек бағыттары бойынша заманауи әдістер де ұсынылды.