Мәдениет саласының қызметкерлері марапатталды. Шымкентте мұндай 22 ұйым жұмыс істейді. 7 театр, 6 кітапхана, филармония сынды мекемелер қала тұрғындарын әдет пен әдепке, дәстүр мен руханиятқа баулып келеді.


Халыққа «Мұнарлан» тобында ән салып танылған Бағлан Жолдасовтың үлкен сахнада жүргеніне 20 жылдан асқан. Осы аралықта ол тыңдарман талғамына сай 13 авторлық ән жазған. Шығармаларының дені бірлік пен ынтымақты, ізгілік пен мейірімді насихаттайды. Бүгін еңбегі ақталып, кеудесіне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі тағылды.


 БАҒЛАН ЖОЛДАСОВ, «ШЫМКЕНТ КОНЦЕРТ» КОНЦЕРТТІК ҰЙЫМЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
– «Сырттан қарағандар өмірлері рахат, әндерін айтады, кетеді. Өмірлері көңіл көтеретін орындарда, концерттерде өтеді деп жатады. Бірақ оның артында үлкен еңбек барын көбі ескере бермейді.» «Марапаттан кейін біз бұдан да көп еңбектенеміз деп ойлаймын. Өйткені бұл – иыққа артылған үлкен жауапкершілік.»


Ал Қалтөре Жұмақұлов – «Жастар» театрының бас суретшісі. Сахнадағы әр бейне, реквизит пен безендіру жұмыстары тікелей оның еңбегі. Әртістердің киім үлгісін сызып, сахнада спектакльге сәйкес атмосфера қалыптастырады. Қойылым тамашалап отырған көрерменді XIV ғасырға алып барып, хан-сұлтандар бейнесін тірілту де оның міндеті. 45 жылдық қажырлы еңбегінің нәтижесінде ол бүгін «Мәдениет саласының ардагері» төсбелгісімен марапатталды.


 ҚАЛТӨРЕ ЖҰМАҚҰЛОВ, «ЖАСТАР» ТЕАТРЫНЫҢ БАС СУРЕТШІСІ
 – «Спектакльдің ішкі жан дүниесін сахнада көрсетуге тырысамын. Яғни, әртістердің сахнада өнер жасауына жағдай жасаймын.» «Әртістердің киетін киімі, қолдарына ұстайтын заттарының бәрі менің көзқарасымнан өтеді.»


 Үздіктерді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек марапаттап, алғыс білдірді. Ол елдің дамуына және мәдениет саласының ілгерілеуіне үлес қосып келе жатқан мамандардың еңбегі ерен екенін айтты.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Филармониямыз жаңадан құрылды. Жаңа «Жастар» театры ашылды. Репертуарға өзгерістер енгізілді. Қаржы бөлінді. Бюджет жағынан қолдау көрсетілді. Қаншама қызметкеріміз марапатқа ие болды. Марапат сіздер лайық болған соң беріліп жатыр.»


Жиында 2 еңбек ардагері, 5 «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі және Мәдениет министрінің 2 құрмет грамотасы табысталды. Сондай-ақ 37 маманға қала әкімінің алғыс хаты беріліп, тағы 102 қызметкерге мәслихат төрағасы мен басқарма басшысының мадақтама қағазы тапсырылды.