Шымкентте егін науқаны аяқталды. Биыл шаруалар 27,5 мың гектар алқапқа егін еккен. Ол жерлерден  80 мың тоннаға жуық өнім алынған. Бұл туралы қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунсыр Жанбатыров мәлімдеді.

Биыл 27,5 мың гектар жерге  дәнді-дақылдар, майлы дақылдар, мал азықтық, картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілген. Жауаптылар 87,1 мың тонна өнім алуды жоспарлапты. Алайда жиналғаны өнім көлемі 79,6  мың тоннаны құраған.

Биыл  шаруаларға жеңілдетілген бағамен 44,3 мың тонна жанар-жағармай бөлінсе, минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламасына  122 миллион теңге қаржы қаралған. Брифингте басқарма басшысы ет-сүт өнімдерімен қамту көрсеткішін де айтып өтті. Мәселен Шымкент халқы бір жылда 18 мың тоннаға жуық сиыр етін, 6 мың тонна тауық етін тұтынады екен. Алайда ет өнімдері Түркістан облысы, Алматы қаласынан және АҚШ пен Беларусь мемлекеттерінен әкелінетін көрінеді.

 Көкөніс өнімдері бойынша да шет мемлекеттерге тәуелділік бар. Мәселен картоп Павлодар облысы, Қырғызстан, Ресейден тасымалданса, пияз Жамбыл облысы мен Өзбекстаннан әкелінеді. Ал сәбіз Павлодар, Жамбыл, Түркістан облысы мен Ресейден жеткізіледі. Қырыққабат Түркістан облысы мен Өзбекстаннан тасымалданады.