Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Түркістан дауысы 2023» жас орындаушылар байқауы қорытындыланды.Шығармашыл,дарынды жастарды қолдап қазақтың мәдени мұрасын жаңғырту мақсатында үшінші рет өткізілген шараға 16 үміткер қатысқан болатын.

Ән додасына еліміздің барлық өңірлерінен 18 бен 35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар қатысты.Олар байқау шартына сәйкес, екі музыкалық шығарманы орындады: Қазақстанның танымал композиторларының туындыларын және өз таңдаулары бойынша. Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Дәуешов,белгілі әнші Мәдина Садуақасова, «Орда» тобының солисі Дастан Оразбеков,халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің гран при иегері Бауыржан Исаев төрелік етті.

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр.Осы уақыт аралығында киелі шаһар жаңару мен дамудың жаңа белесіне көтерілді. Халықаралық мәдени шаралардың орталығына айналды.

Қазылар алқасының шешімімен  Абай облысынан Ербол Нариманұлы бас жүлде иегері атанса, жүлделі бірінші орын түркістандық Аружан айдарбекке бұйырды. Екінші және үшінші орындарға Жетісу облысы мен Шымкенттен келген өнерпаздар өзара бөлісті.