Шымкенттегі №6 емханаға үздік тәжірибе орталығы енгізілді. Жаңа жоба аясында халықпен медицина мамандарының арасындағы байланыс күшейіп, дәрігерлер емдеу жұмыстарынан бөлек пациенттердің әлеуметтік жағдайлары бойынша көмек көрсетеді. Бүгін жаңа орталықтың ашылу салтанатына қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қатысып, емдеу мекемесінің мүмкіндіктерімен танысты.

Үздік тәжірибелік орталықтың ашылуына келгендер әуелі құттықтау сөз сөйлеп, ұйымшыл ұжымның жұмысына сәттілік тіледі.

Жылы лебіздер легінен кейін жиылған жұрт орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Мекемедегі кабинеттерді аралатып, дәрігерлердің атқарып жатқан жұмысын көрсетті. Әрбір маманның өздеріне жүктелген функционалдық міндеттері бар. Шымкенттік тұрғын Нұржамал Әтікенова мұндағы қызмет сапасына дән разы.

Жоба үздік шетелдік тәжірибеден алынған. Әлемнің 53 елінде дәл осы тәсілмен медициналық қызмет көрсетіледі.  Мұндағы дәрігерлер науқастарды физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық, әлеуметтік жағынан да қолдау білдіреді. Ол үшін емхана ғимаратында түрлі методикалық кабинеттер жабдықталған.

 Үздік практиканы енгізу аясында емханада бұрын соңды болмаған қарапайым халықтан құралған ақылмандар кеңесі мен халық комитеті құрылды. Оның мақсаты денсаулық сақтау ұйымымен байланысты күшейте отырып,  науқастардың сенімін арттыру.  Сондай-ақ,    медициналық мекемеде GPS навигациясы жұмыс істейді. Осы арқылы медбикелердің қызмет көрсету аумағына балайланысты аула аралау жұмысын қадағалауға арналған бақылау жүйесі енгізілген.  

Бұл шымкенттегі алғашқы, Қазақстандағы оныншы тәжірибелік орталық. Үздік практиканы енгізудегі тағы бағыттардың бірі ерлер денсаулығын жақсарту. Бұл үшін емханада арнайы ерлердің денсаулық күні  бекітіліп, азаматтар үшін  медициналық көмек көрсетіледі. Айта кетейік, үздік практика жобасы негізінде емхананың  107 қызметкері оның ішінде, 68 дәрігер, 39 орта буынды қызметкер  біліктілігін  арттырды.