«Біз жұлдыз болып жанамыз!» Шымкентте осындай атаумен ерекше жандардың шығармашылық кеші өтті. Шараға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма ұйытқы болды. Кеште әуезді ән айтылып, би биленіп қана қоймай, түрлі шараларда топ жарған ерекше жандар марапатталды. Олардың қолынан шыққан дүниелерінің көрмесі көпшіліктің таңданысын тудырды.

Қаламызда ұйымдастырылған «Біз жұлдыз болып жанамыз» іс-шарасы 1 айға созылды. Осы аралықта шахмат, өнер, спорттың бірнеше түрінен жарыстар өткізілді. Онда 250 тарта ерекше қамқорлықты қажет ететін қала тұрғындары белсене қатысты.

Жоба алдымен жас шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар көрмесімен бастау алды. Мұнда талантты жастар құрақ көрпе, жастық, сондай-ақ, моншақтан жасалған туындылар мен ағаштан жасалған музыкалық аспаптар сынды әр алуан қолөнер еңбектерін паш етіп, көпшілік көзайымына айналды.

Қолөнер туындылары ұсынылған көрмеден соң, салтанатты жиын ән-би қойылымына ұласты. Шығармашылық кеш барысында, қатысушылар қонақтарға түрлі концерттік нөмірлер ұсынып, өз бойларындағы таланттарын көрсетті. Бірі әуезді әнмен көпшіліктің көңілін жауласа,енді бірі мың бұрала билеген биімен тамсандырды.