Қазақстан халқы Ассамблеясының  «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесу өтті. Оған қаладағы басқарма өкілдері мен аудандық әкімдік, сондай-ақ, құқық қорғау саласының  қызметкерлері қатысып, қаратаулықтардың уәжін тыңдады.

Гүлпарша Әлімова кездесу жайында көршісінен естіп, бірден осында келіпті. Сайрамдық тұрғынның көкейіндегі алғашқы сауалы ыстық тамақ жайында болды. Аудандық әкімдік қызметкерінің жауабына көңілі толған кейуананың келесі мәселесі тұрғын алабтағы көше жарығына қатысты екен. Жөнін білмекке кезекте тұр.

Бейбітшілік пен келісімді ту еткен кездесудің басты мақсаты елдегі тұрақтылық пен татулықты сақтау. Осы орайда, әлеуметтік мәселелерге баса мән берілмек. Оны шешудің жолдары қарастырылып, келеңсіздіктердің алды алынбақ.

 Кездесуде тұрғындар тарапынан жол, жарық, тұрғын алабтағы аялдамалар жайы айтылды. Сондай-ақ, әлеуметтік көмек, ыстық тамақ пен мектеп формасына қатысты түрлі сұрақтарға тиісті сала өкілдері жауап берді.

 Қазақстан халқы Ассамблеясының  «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясындағы тұрғындармен кездесуі маусым айында Еңбекші ауданында өткізілген болатын. Жыл аяғына дейін жалғасатын шара барысында қаладағы қалған аудандар да қамтылады деген жоспар бар.