Шардара ауданында жалпы қылмыс саны азайған. Оның ішінде әсіресе мал ұрлығы мен есірткіге еліткендер қарасы біршама төмендепті.Бұның барлығы полицейлердің тынымсыз жүргізген рейдтік жұмыстарының нәтижесі болып тұр.

Полицей- негізі қауіпті де маңызды мамандықты. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде және орын алған қылмыстарды дер кезінде ашуда алар орны ерекше. Елдің тыныштығы мен бейбіт күннің бекемдігін күзететін ішкі істер органдары саласының жұмысын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысы тарапынан берілген тапсырмаларды жүзеге асыруда шардаралық полицейлер бірқатар ілкімді істерді жүзеге асыруда.Аудандық полиция бөлімінің басшысы Шералы Абдрамановтың тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқан рейдтік тексерістердің нәтижесінде ауданның криминогендік ахуалы жақсарған. Қылмыс көрсеткіштері төмендеген.

Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыс 16-дан 10-ға, мас халде жасалған қылмыстар саны 14-тен 9-ға, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 15-тен 8-ге, ал, көшелерде орын алған қылмыстар 9-дан 3-ке төмендеген. Одан бөлек, орын алған жол-көлік оқиғалары 11-ден 8-ге азайып, қаза болғандар саны 7-ден 5-ке, дене жарақатын алғандар саны 27-ден 16-ға кеміген. Сонымен қатар, ауданда атыс қаруын заңсыз сақтаушыларға қарсы рейдтік шаралары да тұрақты жүргізіліп келеді.

 Шардаралық полицейлер бүгінгі таңда белең алған алаяқтық пен есірткі, синтетикалық заттардың таралуының алдын алу бойынша да жүйелі түрде күрес жұмыстарын жүргізіп келеді. Әсіресе жеткіншектер арасындағы әлімжеттік пен жыныстық қылмыстарға ерекше мән береді.Арнайы іс-шаралар жоспары жасалып,  тоқсан сайын сараланып отырылады.