«Анамның бәйтерегі» Шымкентте осындай атаумен Әбдуахат Мұратбаевтың шығармашылық көрмесі өтті. Алтын орда көркемсурет галереясында ұйымдастырылған шараға суретшінің қырыққа жуық жаңа туындысы қойылды.
Әбдуахат Мұратбаев 1981 жылы Шымкент көркемөнер училищесін және 2004 жылы Бішкек қаласындағы Қырғыз педогогикалық университетін бітірген. Бүгінгі экспозицияға автордың жарқын кескіндеме жұмыстары қойылған. Оның шығармаларында қазақтың ұлттық образдары модернизм ағымымен үйлесім тапқан. Суреттің әр бөлшегі маңызды және өзіндің мәні бар.
Әбдуахат Мұратбаев қазақтың дәстүрлі ұлттық бейнелеу өнерінің негізін қалаған аға буын өкілдерінің ізін басып келе жатқан суретші. Бүгінгі іс-шараға оның туған туыстары, жора-жолдастары мен жастар көп жиналды. Ал, көрмеге арнайы келген жерлестер қылқалам шебері бала күннен сурет салуға әуестенгенін тілге тиек етті.
Айта өтейік, қылқалам шебері алдағы уақытта Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде көрме ұйымдастыруды мақсат етіп отыр.